
«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері жыл қорытындысы бойынша ұсынылып жатқан түрлі деңгейдегі үздіктер премиясынан үлесті. Бұл жолы Маңғыстау ауданында спортта жоғары нәтиже көрсеткен чемпиондарды марапаттау рәсімінде Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері Сәндібек Дүйсенбеков пен №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев аудан әкімінің құрметіне бөленді.
Қос мұнайшы жақында ғана жарқын жетістігімен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінген еді. Сәндібек самбо, дзюдо және қазақша күрес бағыттары бойынша Азия чемпионатында үш бірдей қола медаль иеленді. Ал кір тасын көтеруден ел мақтанышына айналған Нартай Алтыбаев төрт дүркін Әлем чемпионы атағын абыроймен қорғап шықты.
Бұл марапат олардың адал еңбегі, үздіксіз дайындығы мен спорттағы табандылығы, жеңіске деген жігерінің нәтижесі. Жігіттер жетістігі Қаражанбастағы еңбек адамдарының рухы мықты, жігерлі, көп қырлы тұлға екенін айқындайды. «Жыл үздігі» атанған чемпиондар әлі де өз рекордын жаңартып, әріптестер үмітін ақтап, компания абыройын асқақтатуға дайын.
Жарияланған күні:
25 декабря 2025
Бөлісу: