ЭЛЕКТР ЦЕХЫ – ҮЗДІКСІЗ ӨНДІРІС ТІРЕГІ

21 Декабрь 2025

Желтоқсанның үшінші жексенбісі – энергетиктерге көрсетілер құрмет пен адал еңбек лайықты бағаланатын күн. Бұл — жарық пен жылу, ток көзін таратудағы тұрақтылық пен сенімділікті өз кәсібінің өзегіне айналдырған жандардың мерекесі. Қаражанбас кен орнының тәулік бойы тынымсыз тіршілігі де дәл осы электр цехы ұжымының ерен еңбегіне тікелей байланысты. Кен орнындағы барлық өндірістік және әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған цех – тұтас өндірістің күретамыры деуге толық негіз бар.

«Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехында екі вахтаны қосқанда 200-ден астам білікті маман еңбек етеді. Олар 8 жүйелі ауданға, электрмонтаждау бөлімшесіне, электртехникалық зертханаға, автоматтандырылған электр жетек бөлімшесіне, сондай-ақ бұрғылау мен ұңғыларды жерасты жөндеу топтарына қызмет көрсетеді. Олар апаттық жағдайдың алдын алып, үнемі жедел әрекет етуге машықтанған. Энергетиктердің шапшаңдығы мен кәсібилігі арқасында апаттық ажыратулар саны жыл сайын азайып, кен орны жұмысын тұрақты жалғастырып келеді. Бұл — бір адам немесе бір ауысымның ғана еңбегі емес. Бұл — әр маманның жылдар бойы жинаған тәжірибесі, жауапкершілік пен тәртіптің жемісі.

Электр цехы мамандығын бес саусақтай меңгерген жұмысшыларымен қуатты. Солардың бірі – Әлібек Досыбаев. Ол Қаражанбас кен орнында 17 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын қарапайым электромонтер болып бастаған ол тәжірибесін толықтырып, қазір өз учаскесінің жұмысына жетекшілік ететін шебер.

Әлібек электр қондырғылары мен желілердегі аса қауіпті және күрделі жұмыстарды тікелей бақылап, өндірістік қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Шебер ретінде тек техникалық процестерге ғана емес, адами факторға да баса мән береді. Мысалы, жас мамандарға жол нұсқап, тәжірибеден өту процесін қадағалайды. Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға тұрақты көңіл бөліп, жұмысшыларды жауапкершілік пен тәртіпке баулиды.

Қоңыратбай Бухаров — электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша 6-дәрежелі электромонтер. Ол сорап станциясы алаңындағы жабдықтармен, 1000 вольттан жоғары электр қондырғыларымен, ұңғымалар мен қосалқы станцияларда жұмыс істейтін цехтағы маңызды мамандардың бірі.

Күрделі жөндеу-монтаждау жұмыстарын жоғары кәсіби деңгейде атқарып, өндірістік тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтын Қоңыратбай өз ісінің нағыз шебері. Компанияда 20 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан маманның тәжірибесі мен білімі кен орнындағы көптеген нысанның сенімді жұмыс істеуіне тікелей ықпал етіп отыр.

Ал электр жабдықтары, күштік және жарықтандыру желілері бойынша 5-дәрежелі электр құрастырушы Сәкен Омаров – цехқа өндіріс тынысын іштен танып келген жұмысшы. Ол Қаражанбастағы қызметін 2010 жылы жүргізуші болып бастап, кейін кәсіби бағытын электроэнергетика саласымен байланыстыруға бел буды.

Соңғы үш жыл ішінде Сәкен қызметтегі оң нәтижесімен көзге түсіп үлгерді. Бүгінде ол кернеуі 1000 вольтке дейінгі және одан жоғары электр қондырғыларын монтаждау мен жөндеу жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, күрделі өндірістік міндеттерді абыроймен орындап жүр.

Электр энергиясы – өміріміздің ажырамас бөлігі болғанымен, онымен қамтамасыз ету жолында тәулік бойы тынымсыз еңбек жатқанын сезе бермеуіміз мүмкін. Қаражанбастағы әрбір шамның жануы, әрбір қондырғының үздіксіз жұмыс істеуі – электр цехы қызметкерлері еңбегінің ортақ нәтижесі. Жүктелген жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан ұжым әлі де өлке өндірісін өркендету үшін жұдырықтай жұмыла қызмет етуге әзір.

Жарияланған күні:
21 декабря 2025

Бөлісу: