ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРІ – ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫНЫҢ «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ» ҚАТАРЫНДА

19 Декабрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшысы Түпқараған ауданының «Жыл үздігі» премиясында «Мұнай-газ саласының үздік жас маманы» атанды. Жыл бойы қызметте белсенділігімен көзге түскен технологиялық көлік департаментінің тиегіш көлік жүргізушісі Асланбек Сәтенбаевқа аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы статуэтка табыс етілді.

Шарада 20 бағыт бойынша әр саланың үздік қызметкері құрметке бөленді. Түпқарағанның жан-жақты дамуына үлес қосып жүрген жастарды аудан әкімінің орынбасары Өсер Тілепов құттықтады. Ол жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктерді тізбектеп, аудан игілігіне еңбек етіп жүрген жыл белсенділеріне алғыс білдірді.

Асланбек Сәтенбаев –  Қаражанбас кен орнында 15 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехында жөндеуші болып бастады. Одан соң технологиялық көлік департаментінің №1 гаражына бульдозер, кейін тиегіш көлік жүргізушісі болып ауысты. Жұмысқа жауапты қызметкер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы жұмысшылары арасында өткен «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанған. 

Жас маман негізгі қызметінен бөлек, өз ауданы мен ауылының өркендеуіне ерекше мән береді. Үзеңгілестерімен бірге «Таушық жастары» бастамашыл тобын құрып, қоғамдық жұмыстарға, эко-акцияларға, спорт жарыстарына белсенді атсалысады. Ауыл жастарының туған жерді көркейтуге қосқан еңбегі еленіп, жақында ғана  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жыл волонтері» аталымына ие болды. Мұндай марапаттар Асланбек секілді қызметкерлеріміздің мерейін үстем етіп, еңбекке құлшыныс пен шабыт сыйлай түсері сөзсіз.

Жарияланған күні:
19 декабря 2025

Бөлісу: