ҚБМ ЖАС МАМАНЫ ТОКИОДА ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

4 Декабрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехының электромонтері Жақсылық Әуметалық Жапонияның мұнай және тұрақты энергетика саласындағы ынтымақтастық орталығында (Japan Cooperation Center of Petroleum and Sustainable Energy) тағылымдамадан өтті. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Алып» ысырапсыз көзқарас бағдарламасында үздіктер қатарынан көрінген жас маман «Мұнай-газ өнеркәсібіндегі жобаны басқару» тақырыбы бойынша білімін жетілдірді.
 
20 күндік оқу бағдарламасында Қазақстан, Сауд Арабиясы, Катар, Ливия, Индонезия, Перу, Тайланд, Ирак, Камбоджа, Пәкістан, Кувейт және Оманнан келген қатысушылар дәріс алды. Олардың арасында өндірісте жұмыс істейтін қарапайым қызметкерден бастап, ауқымды ғылыми жоба авторлары,  өз мемлекетіндегі энергетика министрлігінің өкілдері де бар. Оларға мұнай-газ саласының тәжірибелі оқытушылары жоспарлау, стратегия, жобадағы тәуекелдерді, шығындарды басқару бойынша теория сабақ өткізіп, тәжірибе тапсырмаларын орындатты.Тағылымдамадан өтушілер Жапонияның әлемдік деңгейдегі өндірістік компанияларына экскурсия жасап, өнімдерімен танысты. Білікті мамандармен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
 
Оқу кезінде Жақсылық шетелдік әріптестер мен оқытушыларға  тежегіш резисторлардың істен шығуын азайтудың тиімді әдістерін тізбектейтін авторлық жобасын таныстырды. Жұмыс тағылымдамадан өтушілер мен жетекшілердің оң бағасын үлесті болды. Оқуды сәтті тәмамдаған қатысушыларға алған білімін растайтын сертификаттар табыс етілді.
 
«Үздіксіз ізденіс – адамды тұлға ретінде тәрбиелеп, өз ісінің шеберіне айналуға дейін дамуға жетелейді. Жапониядағы 20 күндік оқу ерекше шабыт пен әлемнің әр түкпірінен мақсаты айқын достар сыйлады. Жаңа білім жаңа белесті бағындыруға жол ашады. Мұнда көрген-түйгенімізді қызмет барысында кәдеге жарататыныма сенімдімін. Осындай мүмкіндік сыйлаған компаниямызға, ҚМГ-ның «Алып» жобасына алғысым шексіз!»,- деді Ж.Әуметалық.

Жарияланған күні:
4 декабря 2025

Бөлісу: