
«Қаражанбасмұнай» АҚ Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаменті қызметкерлері бұрғышы күніне орай құрметке бөленді. Салтанатты марапаттау рәсімінде Өндірістік Басқарма басшылығы бұрғылау – мұнай-газ игерудің күре тамыры екенін және осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген білікті мамандардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі компания дамуының басты факторларының бірі екенін атап өтті.
Кен орнында жаңа ұңғымалар қазу, өндіріс әлеуетінарттыру және жұмыс барысындағы қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандар ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, министрліктің Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма ТөрағасыныңҚұрмет грамотасына ие болды. Марапатталғандар өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл жеке жетістік емес, бұрғылау ісіне үлес қосып келе жатқан әріптестер еңбегінің ортақ жемісі екенін жеткізді.
«Бұрғылау — дәлдік пен тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жұмысымыздың қиындығы да, қызықты тұсы да көп. Біз Қаражанбастың дамуына сіңіріп келе жатқан еңбегімізді азаматтық борыш, әрі зор мәртебе санаймыз. Ұжымда білімді мамандар мен ауызбіршілік мықты болған сайын нәтижелерді еселей түсетініміз сөзсіз»,- деді бұрғылау қондырғысының басшысы Абай Әсемғали.
Бұрғышы күні елімізде биыл үшінші рет аталып өтті. Бұл дата қара алтын игерудің бастапқы кезеңінде күні-түні еңбек ететін мамандар мәртебесін арттыра түседі. Мерекеге орай табысталған марапаттар жұмысшылардың мерейін өсіріп, қызметке тың серпін берді.
Жарияланған күні:
21 ноября 2025
Бөлісу: