
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Маңғыстау облысындағы бірнеше білім ошағының оқытушысы Қаражанбас кен орнында тағылымдамадан өтуге кірісті. Техникалық және инженерлік бағыттағы пәндерден сабақ беретін ұстаздар білікті мамандардан мұнай-газ өндіру, өңдеу, тасымалдау, электр энергетикасы, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу ісі бойынша білім алып, өндірісті автоматтандырудың заманауи технологияларымен танысады. Мақсат — өндіріске қажетті болашақ мамандарды дайындау кезінде теория мен тәжірибені тең ұстау.
«Қаражанбасмұнай» АҚ-мен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Yessenov университеті мен колледжі, Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжі және Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің 10-нан астам оқытушысы алдымен қауіпсіздік ережелерімен танысып, оқу өтетін орындарды аралады. Оларды электр цехы, геология және барлау бөлімі, ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехы, өндірісті автоматтандыру цехы мен технологиялық көлік департаменті жұмысшылары үш күн бойы өндіріс тынысымен таныстырып, жұмыс процесін толық түсіндіреді.
Тағылымдамада геологиялық зерттеу, химиялық талдау, яғни сынама алу, мұнай, газ және қабат суларының құрамын бағалаудың зертханалық әдістеріне баса назар аударылады. Өз ісін жетік меңгерген қаражанбастықтар теория дәрістерін өткізіп жүрген профессорлар мен оқытушыларға өндірісті автоматтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының тәжірибеде қалай жүретінін көрсетеді. Оған қоса арнайы техникаға диагностика жасау және жөндеу, көліктерді кен орнында пайдалану ерекшеліктерін паш етеді.
ҚБМ соңғы 5 жыл көлемінде аталған оқу орындарымен тығыз әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Бұған дейін тәжірибеге бағытталған оқыту бағдарламасы аясында университет пен колледждердің жүздеген студенті кен орнында вахта әдісімен тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын нығайтып үлгерді. Енді ұстаздар да өндіріс алаңынан жинаған тәжірибесін болашақ мамандарға теориялық дәріс өткізу кезінде қолдана алады.
Жарияланған күні:
12 ноября 2025
Бөлісу: