ҚАРАЖАНБАС – БІЛІКТІ МАМАНДАР ҰСТАХАНАСЫ

10 Ноябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушісі Серікқали Сабиев еңбек белесін абыроймен бағындырып, зейнет демалысына шықты. Ол Қаражанбас кен орнында ширек ғасыр қалтқысыз қызмет етіп, өлке өндірісінде өз қолтаңбасын қалдырған жұмысшы.

Дәнекерлеуші мамандығы – мұнай өндірісіндегі ең жауапты, аса дәлдік пен тәжірибені талап ететін кәсіптің бірі. Темірден түйін түйген Серікқали жұмыста ұқыптылық пен қауіпсіздікті бірінші орынға қояды. Себебі ол қолынан шыққан әр бұйым, әр құбыр мен қондырғының үздіксіз жұмыс істеуіне аса жауапкершілікпен қарайды.

Кейіпкеріміз қандай қиын сәт болмасын, жұмыс орнын тастамай, өндірістің тоқтап қалмауы үшін тынымсыз еңбек етті. Сабырлы да еңбекқор маман цехтағы әріптестері арасында әрдайым сыйлы. Ол жас мамандарға білмегенін үйретіп, үзеңгілстеріне  үлгі болудан жалыққан емес.

Білікті маман болу – талпыныс, ізденіс пен мол еңбектің жемісі. Серікқали Сабиевтің 25 жылдық қызметі – осының айғағы. Зейнет демалысына қадам басқан дәнекерлеушіге ұжым ерекше құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді. Соңғы вахтасын сәтті аяқтаған дәнекерлеуші ғұмырын тынымсыз еңбекпен өткеріп, маман ретінде шыңдаған Қаражанбасқа алғысын жеткізді.

Жарияланған күні:
10 ноября 2025

Бөлісу: