ҚБМ ГЕОЛОГІ ЖАПОНИЯДА БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

6 Ноябрь 2025

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Алып» ысыпарсыз көзқарас жобасында үздіктер қатарынан көрінген «Қаражанбасмұнай» АҚ №1 мұнай өндіру цехының геологі Жәнібек Жұбаназаров Жапонияда білімін шыңдады. Ол екі ай бойы Токио маңындағы Чиба қаласында орналасқан «Japan Oil, Gas and Metals National Corporation» (JOGMEC) оқу орталығында кәсіби мамандардан дәріс алып, тәжірибе жұмыстарына қатысты.

 «Reservoir Engineering» тақырыбы бойынша өткен оқуға біздің жұмысшылармен бірге Катар, Оман, Әзірбайжан, Ирак, Папуа — Жаңа Гвинея, Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Мозамбик, Индонезия және Жапонияның мұнайшы-геологтары, геофизиктер мен кен орындарын игеру мамандары жиналды. Олар геология, гидродинамика, геомеханика, кен орындарын модельдеу, жасанды көтермелеу және өндіру процестерін оңтайландыру сынды салаларда білім алып, тәжірибе алмасты. Оқу халықаралық деңгейдегі кәсіби байланысты дамытып қана қоймай, әр елдің мұнай-газ саласындағы озық тәжірибесін тануға, мамандардың жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік берді.

«Бұл оқуға мен «Алып» жобасының «Үздік инновациялық жаңалық» аталымында жеңімпаз атану арқылы жолдама алдым. Оқу кәсіби тұрғыдан баға жетпес тәжірибе болып, халықаралық деңгейде ой-өрісімді кеңейтті, жаңа идеяларға жол ашты. Бағдарлама аясында жапон тілі, мәдениеті және тарихымен таныстық. Жапонияның өзге қалаларына мәдени сапарлар ұйымдастырылды. Олардың еңбекқорлығы, ұқыптылығы мен технологиялық даму деңгейі ерекше әсер қалдырды»,- дейді Жәнібек.

Оқу соңында Жәнібек шетелдік әріптестерімен бірге кен орындарын симуляциялау жобасын сәтті қорғады. Курс қатысушыларына JOGMEC ұйымының басшылығы арнайы сертификат табыс етті. Әріптесіміз шетелден алған білімі мен жинаған тәжірибесін жұмыс барысында кәдеге жаратып, кен орнын дамытуға айрықша үлес қосуға ниетті.

Жарияланған күні:
6 ноября 2025

Бөлісу: