«ГЕОЛОГИЯ – ҒҰМЫРЫМНЫҢ МӘНІ»: ВЛАДИМИР ТУРКОВ ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҚТЫ

28 Октябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы мен ұжымы кен орнын игеру бөлімінің басшысы Турков Владимир Олеговичті зейнет демалысына шығарып салды. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай мұнай-газ саласында 40 жылға жуық уақыт қызмет еткен геологқа адал еңбегі үшін алғыс айтты. Жұмысшылар кәсіподағы да ардагерге құрмет көрсетіп, жылы лебізін жеткізді.

Владимир Турков соңғы 28 жыл бойы Қаражанбастың жер қабатына терең бойлап, қара алтын игеру ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәсіби білікті маман. Кен орны мен орталық кеңсенің жұмысын бес саусағындай білетін ол өнегелі еңбек жолында білім мен тәжірибе, стратегиялық ойлау және ұйымдастырушылық қабілеті арқасында өндірістік нәтижені жақсартуға зор үлес қосты. Оның қатаң бақылауы арқасында жаңа аумақтар зерттелді, терең барлау мүмкіндігі молайды. Ұжымға сыйлы басшы талай жас маманға іскерлігімен үлгі болып, бағыт-бағдар берді. Жер қойнауын барлау үздігі компанияның қоғамдық өміріне белсенді араласты. Негізгі қызметінен бөлек, ҚБМ ардагерлерінің футбол құрамасында шабуылшы болып ойнады. Еңбек белесінің биігін абыроймен бағындырған геолог Қаражанбаста маман ретінде шыңдалғанын айтып, бірлескен істе ұйымшылдық танытқан әріптестеріне ризашылығын білдірді.

«Өз ісінің майталмандары шоғырланған, бірлігі жарасқан ұжым арқасында ҚБМ Маңғыстаудағы ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Бұл жетістіктің артында көп еңбек жатыр. Қызметтегі жылдары талай нәрсеге куә болдық, қиындықты бәріміз бірге еңсердік. Кәсіби кадрлар мен сауатты басшылар арқасында компания болашағы зор екеніне және үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін»,- деді В.Турков.

Жарияланған күні:
28 октября 2025

Бөлісу: