ЖАС МАМАНДАР САДАҚ АТУДАН САЙЫСТЫ

23 Октябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ жас мамандары 25 қазан – Республика күні аясында ұлттық спорт —  садақ атудан сайыс өткізді. Жарысқа екі вахтадан 40 жұмысшы қатысып, мергендік қабілетін паш ету арқылы ең мықтыларды анықтауға тырысты.

«Жас маман кеңесі» мүшелері арасындағы дода 6 кезеңнен тұрды. Мақсат — үздіктерді анықтау болса да, қарсыластар бір-біріне қолдау көрсетіп, жеңіс жолында жігер мен шабыт сыйлады. Әрбір кезеңде қатысушылар 10 метр қашықтықтан 5 рет жебелерді нысанаға дәл көздеуге барын салды. Сайыс жастар арасындағы бірлікті нығайтуға, өзара қолдауды арттыруға және әріптестік қарым-қатынасты дамытуға оң ықпал етті.

Барлық кезеңде жинаған жалпы ұпай саны бойынша ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химиялық талдау лаборанты Әділет Дүйеске мен электр цехының электромонтері Асқар Амантұрлы үздік үштікті түйіндеді. Ал технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Берікбол Алдоңғаров пен қабат қысымын ұстау цехының техник-геологы Қуандық Жаңбырбаев екінші орынға тұрақтады. Мергендігімен көзге түсіп, қарсыластардан оқ бойы озық шыққан өндірісті автоматтандыру цехының бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарлері Ербол Денов пен Жәнібек Мамай бірінші орынды жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Жас мамандар алдағы уақытта да осындай рухты көтеретін спорттық және мәдени шараларды жиі өткізетінін жеткізді.

Жарияланған күні:
23 октября 2025

Бөлісу: