
«Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехының электормонтері Жақсылық Әуметалық Республикалық «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңіне «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша қатысып, аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. Еңбек адамының ролін көтеру, еңбекке құрмет көрсету және еңбек қатынастарын дамыту мақсатында өткізілген байқау түрлі салада жұмыс істейтін азаматтар мен жұмыс берушілерді ынталандыруға бағытталған.
Байқау «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» сияқты бірнеше аталым бойынша өтті. Үміткерлер өзі туралы ақпарат, қызметте жеткен жетістіктерін ұсынып, бейнеролик дайындады. Жүзден жүйрік шыққандарды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев марапаттап, халық игілігі жолында атқарып жүрген қызметі үшін алғыс білдірді.
Жақсылық Әуметалық – Қаражанбас кен орнында 8 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жас та білікті мұнайшының бірі. Ол электр жетектерін автоматтандыру бағытында жөндеуші болып жұмыс істейді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби міндеттерін мінсіз орындауға тырысатын жұмысшы былтыр «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауында жеңімпаз атанды.
Жарияланған күні:
22 октября 2025
Бөлісу: