
«Қаражанбасмұнай» АҚ №1 ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының басшысы Нұрсейіт Нұрман «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен сайыста жүлдегер атанды. Аталмыш байқау денсаулықты сақтау, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік инновациялық идеялар мен тәжірибелер ұсынған ойы озық, тәжірибесі мол мамандарды анықтайды.
Жүзден жүйрік шыққан жұмысшыны ҚБМ Бас директоры Нұрсейіт Союнов жүлдесімен құттықтап, компания атын асқақтатқаны үшін ерекше алғыс білдірді.
«Біздің ұжымда кәсіби білікті, инновациялық, зияткерлік, шығармашылық, т.б. қабілеттері жақсы дамыған жұмысшылар көп. Олар түрлі байқауларда шеберлігін паш етіп, өз мықтылығын дәлелдеп келеді. Бұл жолғы жетістігіміз де өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететініне кәміл сенемін»,- деді Н.Союнов.
Нұрсейіт Нұрман сайысқа «Қысқыш сақтандыру муфтасын» енгізу жобасын ұсынды. Ол ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу барысында, нақтырақ айтсақ жабдықтары біріктіре көтеру кезінде қолданылады. Ұсынылған муфта штанганың құлауын болдырмайды және жұмысшыларды өндірістік жарақаттардан қорғайды. Қаражанбаста тәжірибеден өткізіліп, тиімділігі дәлелденген жоба қазылардың оң бағасынан үлесті болып, екінші орынға лайық деп танылды.
«Бұл жоба жылдар бойы жиналған тәжірибе жемісі деп айта аламын. Біздің басты мақсатымыз өндіріс үздіксіздігі мен техника қауіпсіздігін сақтау. Алдағы уақытта да тың идеяларымызды жүзеге асыру үшін талмай еңбектенуге дайынмын»,— деді Н.Нұрман.
Енді сайыста үздік деп танылған жобаларды өндірісте кеңінен қолдану жоспарланып отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2024 жылға арналған өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, ҚБМ жұмысшысының жобасын елдегі өзге де мұнай компанияларына енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Жарияланған күні:
30 января 2024
Бөлісу: