
Қаражанбас кен орнында мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай І вахта жұмысшылары арасындағы спорт сайысы мәреге жетті. Мұнайшылар бір апта бойы ұлттық ойындар, командалық және жеке зияткерлік бәсекеге қатысып, өзара ең мықтыларды анықтады.
Корпоративтік жарыс үстел тениисінен басталды. Ептілік пен тың әдістерді шебер пайдаланғандар арасынан №1 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) операторы үздік үштікті түйіндеді. Қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Нұрлан Баритов ІІ орынға лайық деп танылса, жобалау-сметалық бөлімінің инженер-технологі Аслан Төлегенов І орынды жеңіп алды.
Шахмат турнирі ақыл-ойы озық мұнайшылардың басын қосты. Қарсыластар салмақты да тартысты ойын көрсетіп, көп ішінен тәжірибелі ойыншылар суырылып алға шықты. ІІІ орын дәнекерлеу-монтаждау учаскесінің шебері Исладин Байсегізовке, ІІ орын бу өндіру цехының (БӨЦ) химиялық су тазарту аппаратшысы Асхат Абдуллаевқа, І орын «Mangystau Service Company» ЖШС қызметкері Ғамзат Төребековке бұйырды.
Қаражанбастықтар арасында тоғыз құмалақ ойынына ерекше қызығушылық байқалады. Сондықтан болар жыл сайын аталмыш жарысқа қатысушылар саны артып келеді. Бұл жолы №1 МӨЦ операторы Найман Аминов үшінші орынды қанағат тұтса, материалдық-техникалық жабдықтау базасының учаске басшысы Руслан Бисенов екінші сатыға көтерілді. Бабы мен бағы қатар шапқан ҚҚҰЦ операторы Нұрәділ Қуатбаевқа І орын бұйырды.
Арқан тарту – ұжымның рухы мен командалар арасындағы бәсекелестікті көрсететін білектілер мен жүректілер жарысы. Додаға командалар мықты дайындықтар келіп, үздік ойын көрсетуге барын салды. Қара күш, маңдай тер мен бірлік арқасында ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу цехы (ҰЖКЖЦ) жігіттері қола жүлдеге қол жеткізді. Ал «Мобил Сервис Групп» ЖШС (МСГ) құрамасына күміс медаль бұйырды. Өндірісті автоматтандыру цехы жұмысшылары жетістігін еселеп, қоржынын алтын жүлдемен толықтырды.
Көпшіліктің делебесін қоздырған қазақша күреске 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысты. Татамидегі тартыста қатысушыларды алдымен намыс, одан соң әріптестер сенімі жеңіске жетеледі. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҰЖКЖЦ бұрғышы көмекшісі Али Бердикалиев ІІІ орын, дәл осы ұжымның намысын қорғаған Берік Өтепбергенұлы ІІ орын, БӨЦ-тің химиялық су тазарту аппаратшысы Нұрлан Ізтілеуов шашасына шаң жұқтырмай чемпион атанды.
Ал 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен ӨАЦ слесарі Рүстем Қосақбаев үздік үштіктен көрінді. БӨЦ машинисі Мереке Ізбасаров ІІ орынға тұрақтады. Жауырыны жерге тимеген пайдалану жабдықтарын икемдеу жөндец цехының электргазбен дәнекерлеушісі Жанболат Закарин жеңісті қолдан бермеді.
Кәсіби мерекеге арналған спорт жарысы шағын футбол турнирімен қорытындыланды. Командалық ойын қатысушылардың бірлігі мен ұйымшылдығын айқындай түсті. Жасыл алаңға түрлі тактикамен шыққандар арасында БӨЦ командасы ІІІ, МСГ құрамасы ІІ орын алса, әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының жігіттері чемпиондық атақты абыроймен қорғады. Барлық сайыс бойынша жүзден жүйрік шыққан әріптестерге диплом, кубоктар мен сыйлықтар табыс етілді.
Жарияланған күні:
15 сентября 2025
Бөлісу: