БӨЦ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ

9 Сентябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ бу өндіру цехы ұжымы мұнайшылар күніне орай шағын футболдан цехішілік турнир ұйымдастырды. Корпоративтік рухты нығайтуға бағытталған шара биыл екінші рет қолға алынып отыр. Вахтааралық демалыс кезіне тап келген жарыс бұл жолы облыс орталығындағы спорт кешенінің жасыл алаңында өтті.

Аяқдоп бәсекесіне ІІ вахтаның салауатты өмір салтын қолдап, жұмыстан тыс уақытта шағын футболды серік еткен мамандары қатысты.  Машинстер, химиялық су тазарту аппаратшылары, жөндеушілер мен инженерлік-техникалық қызметкерлер 4 командаға бөлініп, кәсіби футболшылардан кем түспейтін бәсекеге толы ойын өрнегін көрсетті. Мұнайшыларды қолдау үшін  көрермен ретінде келген жұмысшылардың отбасы мүшелері түрлі эмоцияға бөленіп, әсерлі матчтарға куәгер болды.

Ойын қорытындысы бойынша бу өндіру генераторының машинисі Бекзат Қайыров «Көрермен көзайымы», бөлім басшысы Рүстем Шернияз «Үздік ардагер», машинист Сұңғат Нәбиев «Үздік қақпашы», Абай Боранбай «Үздік қорғаушы», Владимир Фалалеев «Үздік шабуылшы», Сабыр Киікбай «Турнир үздігі» аталымына ие болды.

Командалар арасында стационарлық бу генераторлық қондырғысы (СБГҚ) командасы төртінші орынға тұрақтады. Ал мобильді бу генераторлық қондырғы (МБГҚ) қызметкерлері үздік үштікті түйіндеді. Екінші орын бу генераторлық қондырғы (БГҚ) құрамасына бұйырса, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен жамап-жасақтау бригадасы (ЖЖБ) командасы ойыншылары бірінші орынды жеңіп алды. Чемпиондарға дипломдар мен ауыспалы кубок табыс етілді.

Жарияланған күні:
9 сентября 2025

Бөлісу: