
«Қаражанбасмұнай» АҚ-да ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған мерекелік шаралар басталды. Орталық кеңседегі салтанатты жиында компания басшылығы қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, саланы дамытуға қосып жүрген адал еңбегі үшін алғыс білдірді. Қызметтегі кәсіби біліктілігі мен жетістігі үшін бірқатар маман ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік жиын ұжымдағы бірлікті нығайтуға бағытталған корпоративтік сайыстармен жалғасты. Қызметкерлер шахмат, арқан тарту, ерлер және әйелдер арасындағы қол күрес жарысында бақ сынады. Тартысты додада арқан тартудан еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаменті алға шықса, шахматтан ақпараттар технологиясы қызметінің аға инженері Серік Айтжанов шашасына шаң жұқтырмады. Әйелдер арасында қол күрестен әлеуметтік жұмыс бөлімінің технигі Салима Гаржаубаева алдына жан салмаса, ерлер арасында ақпараттар технологиясы қызметінің инженері Бақытжан Қайратдин жеңімпаз атанды.
Қаражанбастықтар үшін мұнайшылар күні – ең алдымен еңбек адамдарының абыройын дәріптеп, қызметінің маңызын айқындайтын мереке. Қара алтын игеру ісіне сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшыларды марапаттау мен ашық аспан астындағы концерт кен орнында жалғасын табады.
Жарияланған күні:
5 сентября 2025
Бөлісу: