
Қаражанбас кен орнында ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай ІІ вахта жұмысшылары арасында спорт сайыстары өтті. Дәстүрлі додаға өндірістік цехтардан 250-ден астам қызметкер қатысып, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақша күрес, шағын футболдан бағы мен бабын сарапқа салды.
Бір аптаға созылған сайыс үстел тениисі ойынынан басталды. Мықты дайындықпен келген қатысушылардың әрқайсысы шапшаңдық пен ептілік арқасында тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) жөндеушісі Ақыт Ибатұлы ІІІ, ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу цехының (ҰЖКЖЦ) шебері Қанат Аязбаев ІІ, №1 өндірістік қамтамасыз ету базасының (№1 ӨҚБ) жөндеушісі Бекзад Шадқам І орын иеленді.
Мереке қарсаңында мұнайшылар физикалық күшімен қатар зияткерлік қабілетін сынап, шахмат тақтасында тартысты. Ақыл-ой бәсекесінде әрбір жүріс шешуші рөл атқарды. Қатысушылар қарсыласының тактикасын болжап, бірнеше қадам алға ойлау шеберлігін көрсетті. Кіл мықтылар арасынан «Mangystau Service Company» ЖШС (MSC) инженері Болатбек Дәрменбаев үздік үштікті түйіндесе, мұнай өндіру технологиясы бөлімінің (МӨТБ) инженері Марат Бұғасов екінші орынды қанағат тұтты. Ал технологиялық көлік департаментінің (ТКД) намысын қорғаған Азамат Нұрбауылов жеңімпаз атанды.
Корпоративтік жарыс ұлттық ойын – тоғызқұмалақпен жалғасты. Мұнда да ойыншылар әрбір отаудан құмалақ санау, қарсыластың жүрісін алдын ала болжау, зеректік мен тапқырлығын паш ете алды. Халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтап қана қоймай, логикалық ойлауды дамытуға ықпал еткен сайыста жобалық-сметалық бөлім (ЖСБ) инженері Самат Ахметжанұлына қола, қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Берік Нұрбаулинге күміс, өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) инженері Мақсат Лұқпановқа алтын жүлде бұйырды.
Қаражанбастықтардың сүйікті спорты — арқан тарту нағыз командалық рух пен қара күш сыналатын дода. Сайыс алаңына келген 10 команда цех намысы үшін барынша тырысты. Ойыншылар бірлігі мен жанкүйерлер қолдауы арқасында ТКД №3 автотізбек жігіттері ІІІ орын иеленді. «KMG Security» ЖШС күзетшілер командасы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал қарсыластан оза шапқан ТКД №5 автотізбек жігіттері чемпиондық атақты абыроймен қорғады.
Бұдан бөлек, мұнайшылар 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесті. Мұнда шымыр да қайратты балуандар қарсыласының жауырынын жерге бірінші боп тигізу үшін тың әдістерді қолданды. Жанкүйерлер ұлттық спорттың көркін қыздырып, әр белдесуді ыстық ықыласпен қолдады. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «KMG Security» күзетшісі Еділхан Хасан ІІІ, «ИП Бекмағанбетов» жөндеушісі Мирас Нұралы ІІ, «Мобил Сервис Групп» ЖШС жүргізушісі Елдос Мырзағалиев І орынға тұрақтады. Ал 80 келіден жоғары салмақта бақ сынағандар арасынан №2 ҰЖКЖЦ бұрғышы көмекшісі Айбек Ыбашев қола, ТКД аға механигі Асқар Тлеубаев күміс, «KMG Security» абыройын арқалаған Жанарбек Жарылғапов алтын медаль алды.
Жанкүйер де, қатысушы команда да ең көп жиналған спорт түрі – шағын футбол. Екі күнге созылған жасыл алаңдағы бәсекенің әр матчында командалар жеңіске ерекше құлшыныс танытып, тактикалық дайындығын паш етті. Ойын нәтижесі бойынша ІІІ орын бу өндіру цехына (БӨЦ), ІІ орын қоршаған ортаны қорғау тобы командасына, І орын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) жігіттеріне бұйырды. Сондай-ақ ПЖИЖЦ шебері Дүйсенбай Омаров «Үздік ойыншы», №3 мұнай өндіру цехының операторы Марат Атағазиев «Үздік қорғаушы», БӨЦ машинисі Сұңғат Нәбиев «Үздік қақпашы» атағына лайық деп танылды.
Кәсіби мереке алдындағы корпоративтік жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға сергектік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай шаралар мұнайшылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ұжым ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақты арттыруға ықпал етеді. Дәл осындай доданы І вахта жұмысшылары арасында да өткізу жоспарланып отыр.
Жарияланған күні:
5 сентября 2025
Бөлісу: