ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚУ

3 Сентябрь 2025

Ел  Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның еңбек адамдары біліктілігін арттырды. Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу және бу өндіру цехының жұмысшылары мен технологиялық көлік департаменті мамандары өз саласы бойынша оқуға қатысып, заманауи технологиялар мен қауіпсіздік техникасын сақтау бағытында дәріс алды.

Оқуға екі вахтадан барлығы 70-ке жуық жұмысшы қатысыты. Олар дәнекерлеу кезіндегі физикалық-химиялық процестер негізі, заманауи мүмкіндіктер, технологиялық жабдыққа қызмет көрсету және пайдалану, өндіріске қажетті құралдарды жөндеу әдістері сияқты бірқатар тақырыпты меңгерді. Сондай-ақ көлік қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі, жүргізушілердің кәсіби шеберлігін бақылау негіздері, олардың денсаулығын сақтау, жол-көлік оқиғасына қатысты мәлімет жинау және өңдеу туралы ақпарат алды.

Оқуда командада жұмыс істеу, ұжым рухын нығайту мәселелері назардан тыс қалмады. Еңбек адамдары теория дәрістерінен кейін тимбилдингке қатысып, берілген тапсырмаларды бірлесе шешуге барын салды. Командалық ойындардан соң жұмысшыларға алған білімін дәлелдейтін сертификаттар табыс етілді.

Жарияланған күні:
3 сентября 2025

Бөлісу: