ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

25 Август 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы еңбек адамы – тәжірибелі арқан ілдіруші Төлеген Аташевты зейнет демалысына шығарып салды. Қаражанбастағы еңбек жолын осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын жөндеу-құрылыс цехында тас қалаушы болып бастаған ол, соңғы 13 жыл ішінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарған жұмысшы.

Арқан ілдіруші – қырағылық пен ептілікті талап ететін мамандық. Ол жүкті байлауға, кран машинисіне көтеру мен жылжыту үшін белгі беруге, қозғалысты қадағалау және жүктің дұрыс орналасуын бақылауға, межелі орынға жеткізген соң ағытуға жауапты. Жылдың қай мезгілінде болмасын күні-түні тоқтаусыз жүретін өндіріске өз үлесін қосып, қызметін бес саусағындай меңгерген Төлеген жұмыста біліктілігімен жоғары бағаланса, қарапайымдылығымен көптің сый-құрметіне бөленген жан.

Өмір соқпағының қызмет белесін сәтті тамамдаған маманды әріптестері арнайы құттықтап, Қаражанбасты дамыту жолында төккен тері үшін алғыс білдірді. Енді оны ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, өзінен тараған ұрпақтың қызығы мен рахатын сезінетін ғұмырдың жаңа белесі күтіп тұр.

Жарияланған күні:
25 августа 2025

Бөлісу: