ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

10 Июль 2025

Қаражанбас кен орнында І вахтаның еңбек ұжымына есеп беру кездесуі өтті. Жиналысқа «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы, Бас директор орынбасарлары, департамент және цех басшылары мен қызметкерлер қатысты. Кездесуде компанияның 2024 жылғы және 2025 жылдың І жартыжылдығындағы негізгі өндірістік көрсеткіштері таныстырылды. Бас директор орынбасарлары өз бағыты бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін тізбектеп, баяндама жасады.
 
Былтыр Қаражанбаста 2 153,8 мың тонна мұнай өндірілді. Мұнай мен битумды сату көлемі 2 млн 75 мың тоннаны құрады. Ішкі нарыққа 242 мың тонна битум жеткізілді. Сондай-ақ өткен жылы 75 жаңа ұңғыма бұрғыланып, 160 ұңғымаға геологиялық-техникалық іс-шара жүргізілді. Тәуліктік бу айдау көлемі 16,8 мың тоннаға жетті. Геологиялық-техникалық шаралар нәтижесінде қосымша 27 719 тонна мұнай өндірілді. Қаражанбаста кен орнын қосымша барлау, ұңғымаларды жөндеу аралық кезеңін арттыру, құмнан қорғау, коррозияға қарсы шараларды күшейту, электр энергиясын тиімді пайдалану мен жер қабатына бу айдау тиімділігін арттыру үшін жаңа техникалар мен технологияларды енгізу сәтті жалғасып келеді. Кен орнындағы стратегиялық маңызды жоба — ілеспе қабат суын тұшыту зауыты жобалық қуатқа шықты. Сынақ режимінде іске қосылғаннан бастап 2024 жылдың соңына дейін зауытта 7 806 440 текше метр су тұшытылды.
 
Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту аясында автопаркті жаңарту бағдарламасы сәтті жалғасын тапты. Былтыр жоспардағы 140 арнайы техниканың 114-і кен орнына жеткізілді. Өндірістік процесті оңтайландырып, бақылау және басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында жаңа операторлық пункт, мұнайшыларға арналған 192 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан бөлек бірнеше әлеуметтік объектіге күрделі жөндеу жүргізілді.
 
Персоналды дамыту және даярлау аясында  111 қызметкердің санаты көтерілді. Қолданыстағы ұжымдық шарттың қосымша келісіміне қол қойылды. ҚБМ қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарады. Компания жұмысшылары кәсіби шеберлік байқаулары мен мәдени, спорт сайыстарында топ жарып, қайырымдылық және эко шараларға белсенді қатысты.
 
ҚБМ Басқармасы жұмыс нәтижесі – бұл ұжымның ортақ еңбегі екенін атап өтіп, өндіріс үздіксіздігін сақтауға атсалысқан мұнайшыларға алғыс білдірді. Сұрақ-жауап кезінде жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Басшылық қызметкерлерді еңбек және техника қауіпсіздігін сақтай отырып, өндірістік көрсеткіштерді еселеуге шақырды.

Жарияланған күні:
10 июля 2025

Бөлісу: