
Қара алтын өндірісі – білім мен тәжірибеден бөлек, физикалық мықтылықты қажет ететін сала. Сондықтан мұнай игеретін кен орындарында көбіне ер адамдар еңбек етеді. Алайда ел экономикасын дамытуды мақсат тұтып, жігіттермен иық теңестіре жұмыс істейтін нәзік жандылар да жоқ емес. Бұл жолы біз сіздерді ару ғұмырының 35 жылын ауыр өндіріске арнаған мұнай өндіру операторы — Бәтима Байсегізованың өнегелі еңбек жолымен таныстырамыз.
Таушықта туып-өскен кейіпкеріміз Бозашы даласындағы қызметін қатардағы өлшеуші болып бастаған. 90-жылдардың басында мұнай көлемін, қысымын, температурасы мен құрамын өлшеу және есептеуге жауапты техникалық мамандар ғылыми өндірістік жұмыстар цехының құрамында еді. Кейін Бәтима мұнай өндіру цехына ауысып, жастықтың жалынды жылдарын қайнаған еңбек ордасында өткізді. Аға буынның ақылын тыңдап, тәжірибесін толықтырды. Осылайша күнді ай, айды жыл жалғап, өз ісінің тіс қаққан маманы болып шыға келді.
Уақыт өте келе кен орнының тыныс-тіршілігін бес саусақтай меңгерген Бәтима қызметін сәл басқа арнаға бұрды. Мұнай өндіру операторының қызметі ол үшін бұрыннан жат емес еді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптабына қарамастан күн сайын топтық қондырғы аумағындағы ұңғымалардың жұмысын бақылау, технологиялық жабдықтарды басқару, ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарына қатысу кейіпкеріміздің өмір салтына айналды. Ұзақ жылғы адал еңбегі еленіп, бірнеше мақтау қағаздары және медальдармен марапатталды.
№3 мұнай өндіру цехының 4-дәрежелі операторы ғибратты ғұмырдағы қызмет белесін абыроймен еңсерді. Соңғы вахтасын сәтті тәмамдаған Бәтима Байсегізоваға әріптестері құрмет көрсетіп, компания дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді. Өлкенің қара алтынын игеру жолында тер төгіп, Қаражанбас зейнеткерлерінің қатарын толықтырған мұнайшының еңбегі компания тарихында алтын әріппен таңбаланды.
Жарияланған күні:
2 июля 2025
Бөлісу: