ҚОС КЕН ОРНЫ МҰНАЙШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

17 Июнь 2025

Бозашы даласынан қара алтын игеретін Қаражанбас пен Қаламқас кен орнының мұнайшылары әріптестік байланысты нығайтып, тығыз қарым-қатынаста ел экономикасын дамытуға үлес қосып келеді. Олардың достығын дамыта түсу мақсатында Қаражанбаста баскетбол мен үстел теннисінен кезекті жолдастық кездесу өтті.

Мұнайшылар алдымен баскетбол ойнау шеберлігін паш етті. Турнирдің алғашқы минуттарынан-ақ қос тараптың мықты дайындығы айқын байқалды. «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы ширақ әрі үйлесімді ойын өрнегін көрсетіп, белсенділік танытты. Кездесу 40:37 есебімен аяқталыр, қаражанбастықтар жеңіс тұғырынан көрінді.

Жолдастық кездесу үстел теннисі тартысымен жалғасты. Ойын командалық жүйе тәртібімен жүргізілді. Шапшаңдық, тез шешім қабылдау мен дұрыс қозғалыс арқасында қарсыластар шабуылына лайықты жауап қайтарылды. Аталмыш спорт түрінен жалпы есеп бойынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командасы басым түсті.

Сайысқа қатысушылар бір-бірінің мықтылығына тәнті болып, жеңімпаздарды құттықтады. Чемпион атанғандарға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтары табыс етілді. Осылайша жолдастық кездесу — мақсаты бір мұнайшылар арасындағы достық көпірін одан әрі нығайтты.

Жарияланған күні:
17 июня 2025

Бөлісу: