
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) технологиялық көлік департаментінің (ТКД) диспетчері Ажаргүл Атчибаева зейнет демалысына шықты. Әріптестері оған ұзақ та адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Ажаргүл Атчибаева ҚБМ-дағы еңбек жолын 28 жыл бұрын бастаған. Соңғы 17 жылдан астам уақыт көлемінде диспетчерлік қызметті абыроймен атқарды. Көлік қозғалысының кестесін, діттеген жерге уақытылы баруын үйлестіруге жауапты маман тәртіп пен жауапкершілікті бәрінен биік қояды.
«Зейнетке шығу — қуаныш пен қимастық тоғысатын ерекше кезең. Бұл – бір дәуірдің қорытындысы, қажырлы еңбектің бағаланатын шағы. Жылдар бойы жанымда тілеулес болып, ең жақын жандарыма айналған департаментіміздің қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін. Компаниямыз алға қарай дами берсін!»,- дейді А.Атчибаева.
Қызмет белесін бағындырған Ажаргүл тек кәсіби міндеттермен шектеліп қалмай, ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтуға да зор үлес қосты. Әріптестері оны мейірімді, ашық жарқын, ұйымшыл әрі көмекке әрдайым дайын тұратын адам ретінде құрметтейді. Кейіпкеріміз жалынды жастар компанияны бұдан да биік белестерге жеткізетініне кәміл сенеді.
Жарияланған күні:
16 июня 2025
Бөлісу: