«САЛТ-ДӘСТҮР – САН ҒАСЫРЛЫҚ САФ МҰРА»

17 Март 2025

Қаражанбас мұнайшылары Амал күнін ерекше атап өтті. Кен орнының мәдени-демалыс орталығында өндірістік цех ұжымдары арасында дәстүрімізді дәріптейтін сайыс ұйымдастырылды. Жарыста мұнайшылар шығармашылық қабілетін ортаға салып, ұлттық ойындардан сынға түсті.

Қатысушы командалардың  әрқайсысына биыл мерейтойы аталып өтетін тарихи тұлғалардың есімі берілді. Ауыл-ауылға бөлінген құрамалар алдымен  салт-дәстүрден көрініс қойып, жөн-жоралғы мен әдет-ғұрпымыздың мәнін ашты. Кейін талантты жұмысшылар ән салып, күй шертіп, өнер сайысында тартысты. Қолөнер шеберлері де назардан тыс қалмады. Олар үй тапсырмасы ретінде берілген туындыларын таныстырып, жасалу техникасымен бөлісті.  Шығармашылық сайыстардан соң қатысушылар ұлттық ойындар ойнап, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, асық пен дартс ату арқылы мергендік қабілетін паш етті.

Жұмысшылардың бірлігі мен ұйымшылдығын арттыра түскен жарыста технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы, Шәмші Қалдаяқов ауылы ІІІ орынға ие болды. Материалдық техникалық жабдықтау базасының Ескендір Хасанғалиев ауылы ІІ орынға лайық деп танылды. Өнерде де спортта да мықтылығын дәлелдеген электр цехының Абай Құнанбайұлы ауылы сайыс жеңімпазы атанды. Тартысты бәсекені тамашалаған көрермендер дәстүріміздің маңызын тереңірек ұғынып, рухани демалып қайтты.

Жарияланған күні:
17 марта 2025

Бөлісу: