ҚАРАЖАНБАС АРУЛАРЫ – МҰНАЙЛЫ МЕКЕН МАҚТАНЫШЫ!

6 Март 2025

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қыз-келіншектері құрметке бөленді. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі мен ҚБМ басшылығы, қос кәсіподақ төрағасы, кен орнында және  орталық кеңседе жұмыс істейтін барлық нәзік жанды мен мердігер мекеме қызметкерлері қатысты. Басшылар ел ырысын еселеуге ерлермен қатар еңбек етіп жүрген Қаражанбас аруларын мерекемен құттықтап, олардың компания құндылықтарын насихаттаудағы кәсіби біліктілігі мен жұмысқа жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«Сіздерді өздеріңізге ең жақын мерекемен құттықтаймыз. Ана — өмірдің бастауы болғандықтан, әр қыз баласының қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан сіздерге көрсетілетін құрмет өлшеусіз. Әр атқан таңыңыз арайлы, шыққан күн берекелі, қызметіңіз табысты болсын. Шаңырақтың ұйытқысы болып жүре беріңіздер, отбасыңыздың жылуы өшпесін!»,- деді Бас директор Н.Сәрсенбай.

ҚБМ-да 337 қыз-келіншек еңбек етеді. Олардың 172-сі өндіріс басында вахталық әдіспен жұмыс істесе, 165 маман орталық кеңседе жұмысты тиімді ұйымдастыру мен құжат айналымы сияқты бірқатар маңызды міндеттерді орындауға атсалысады. Қиын да қызықты саланы серік еткен мұнайшы қыздар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісі, Маңғыстау облысы әкімі, Түпқараған ауданы әкімі мен ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.

«Жылына бір келетін мерекемізде құрмет көрсетіп жатқан компания басшылығына, Қаражанбас жігіттеріне алғысымыз шексіз. Алған марапатымыз біз үшін зор құрмет, жылдар бойы атқарып келе жатқан еңбегіміздің жемісі деп білеміз. Мұнайшы мамандығы – қыздар үшін оңай емес деп жатады. Дегенмен өз ісімізге деген сүйіспеншілік, ұжымның қолдауы мен еңбегімізді бағалауы бізге ерекше шабыт пен қызметімізге құлшыныс сыйлайды»,- деді марапат иелері.

Мәртебені биіктеткен марапат, ақтарылған алғыс, құшақ-құшақ гүл… Мұның бәрі Қаражанбас қызғалдақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара өлке өнерпаздары мен еліміздің эстрада әншілерінің концертіне ұласты. Өнер иелері мұнайлы мекеннің қара алтынын игеруге елеулі үлес қосып жүрген аруларға тыңдарман көңілінен шыққан танымал әндерін тарту етті. 

Жарияланған күні:
6 марта 2025

Бөлісу: