
«Дариға жүрек!». Осындай атаумен Қаражанбас кен орнында жалынды жырымен халық жүрегінен ерекше орын алған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби-музыкалық кеш өтті. Жұмыстан соң мәдени-демалыс орталығына жиналған көрермендер ақын шығармашылығына терең бойлап, қара өлеңмен сусындады.
Шарада алдымен Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен жазылып, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған «Пай, пай, Өмір!» өлеңі тыңдалды. Одан соң І вахта жұмысшылары ақиық ақынның туған жер, өмір, махаббат, тұрмыс тақырыбындағы туындыларын нақышына келтіріп оқыды. Сондай-ақ олар Мұқағали өлеңдеріне жазылған әсем әндерді орындап, көрерменді ерекше сезімге бөледі. Ал жырға жаны құштар мұнайшылар өз қаламынан туған арнауларын жеткізді.
Кештен бөлек, кен орны кітапханасында «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты кітап көрмесі жасақталды. Мұнайшылар ақынның жыр жинақтарын парақтап, баспасөзге жарияланған мақалаларды шолып шықты. Жазылғанына талай жыл өтсе де, ақын өлеңдері күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай, талай жүрекке қуат беріп келеді. Осылайша Мұқағали мұрасы үздіксіз өндірісте жүрген еңбек адамдарының санасына серпіліс пен шалқар шабыт сыйлады.
Жарияланған күні:
14 февраля 2025
Бөлісу: