
Қаражанбаста «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасына іріктеу кезеңі өтті. Екінші вахта жұмысшылары бір апта бойы 8 спорт түрінен сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Жеке және топтық ойындарда қызметкерлер командалық рухын, физикалық күші және зияткерлік қабілетін паш етті.
Іріктеу сайысы ерлер және әйелдер арасындағы тоғызқұмалақ ойынымен басталды. Үміткерлер қатарынан материалдық техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова мен өндірісті автоматтандыру цехының инженері Мақсат Лұқпанов оқ бойы озық шықты.
Үстел теннисінен әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Талап Барболов топ жарды.
Шахмат тақтасындағы тартыста технологиялық көлік департаментінің машинисі Азамат Нұрбауылов үздік деп танылды.
Қол күрестен 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушілері Ербол Ізбергенов пен Дәурен Қуандықов алға шықты.
Арқан тартудан технологиялық көлік департаментінің №1 гараж командасы шашасына шаң жұқтырмады.
Ал ұлттық ойын асық атудан бұрғылау учаскесінің электргазбендәнекерлеушісі Бердіғали Дощанов бірінші орынды қанжығалады.
Екінші вахта жұмысшылары арасындағы сайыстар әлі де жалғасады. Жұмысшылар ауысымаралық демалыс кезінде киберспорт пен жүзуден сынға түседі.
Жарияланған күні:
5 февраля 2025
Бөлісу: