
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) №2 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) операторы Таңат Ералиев өңірдегі өндірістік мекемелер жұмысшылары арасында өткен пікірсайыс турнирінде «Үздік спикер» атанды. «Самұрық-Қазына» АҚ-на қарасты компаниялардың Маңғыстау облысындағы жастар кеңесі мен «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы ұйымдастырған додада 6 команда бақ сынады.
ҚБМ намысын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының токарі Серік Табынаев пен №2 МӨЦ операторы Таңат Ералиев қорғады. Америкалық парламенттік формат бойынша өткен ой жарыста қатысушылар екі тарапқа бөлініп, жастар саясатына қатысты тақырыптарды жан-жақты талқыға салды. Жақтаушылар да, даттаушылар да ұтымды кейстерді пайдаланып, нақты аргументтерді алға тартты. Өз позицияларын қорғау үшін статистикадан дерек келтіріп, сандарды сөйлетті.
Спикерлерден бөлек, белсенді көрермендер де тақырып бойынша сұрақ қойып, зияткерлік қабілетін паш етті. ҚБМ командасын қолдап келген электр цехының электромонтері Сырым Ізғалиев өткір пікірімен дараланып, ойға ой қосты. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтары табыс етілді.
Жарияланған күні:
24 февраля 2025
Бөлісу: