
«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) өңірдегі оқу ордаларымен ынтымақтастық туралы меморандумы аясында биыл студенттердің тағы бір легі кен орнында тәжірибеден өтеді. Өндіріске аттанатын білім алушыларға ҚБМ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ренат Қаражанов тәжірибеге бағытталған оқыту жобасының маңыздылығын түсіндіріп, сәттілік тіледі.
Былтырдан бері Yessenov университеті мен колледжі, Маңғыстау энергетикалық колледжі және Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжінің 2,3,4 курсында оқитын 17 студент Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп жатыр. Енді олардың қатарын аталмыш оқу орындарының 13 білім алушысы толықтырады. Тәжірибеден өтушілер алдымен қауіпсіздік техникасымен танысып, өндіріске аса қажетті мамандықтар бойынша бірнеше бағытқа бөлінеді. ҚБМ-ның білікті мамандары студенттерге жетекшілік етіп, мұнай игерудің қыр-сырын толық үйретеді.
ҚБМ жастардың білім алуы мен мықты кадр болып қалыптасуына ұдайы қолдау білдіріп келеді. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы оқу орындарының 120-ға жуық студенті тәжірибеге бағытталған оқыту жобасының шарапатын көрді. Жоба олардың алған білімін тәжірибеде қолдануға зор мүмкіндік болып отыр.
Жарияланған күні:
4 февраля 2025
Бөлісу: