
ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесі» мүшелері арасында садақ ату жарысы өтті. Вахта аралық демалыстағы 30-ға жуық жұмысшы мергендік қырағылығын сынға салып, ұжымдық рух беріктігі мен компания жастарының ұйымшылдығын паш етті.
Іріктеу кезеңінде мергендерге бір минут ішінде берілген 5 жебені нысанаға дәл тигізу жүктелді. Қатысушылар 10 метр қашықтыққа тұрып, жебені көздеген нүктеге тура бағыттауға тырысты. Үздік нәтиже көрсеткендер ширек және жартылай финалға жолдама алды. Жеңіске жақындаған сайын бәсеке қыза түсті.
Жинаған ұпай саны бойынша Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу департаментінің бұрғышы көмекшісі Қуандық Жаңбырбаев үздік үштікті түйіндеді. Екінші орын электр цехының электромонтері Мәлік Қарамырзаевқа бұйырды. Ал пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының токарі Серік Табынаев қарсыластарынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атағын абыроймен қорғады.
Садақ ату – қазақтың байырғы дәстүрлерінің бірі. Ерте заманда мергендік пен ептілік батырлардың басты қасиеттері саналған. Қазір бұл спорт түрі тек дене шынықтырумен шектелмей, тарих пен мәдениетке құрмет ретінде бағалы.
Жарияланған күні:
19 декабря 2024
Бөлісу: