ТЕОРИЯ – БАЙҚАУДЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢІ

9 Октябрь 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары «Үздік маман — 2024» кәсіби шеберлік байқауының бірінші кезеңін сәтті аяқтады. Сайыскерлер 17 аталым бойынша өз мамандықтарына және қауіпсіздік техникасына қатысты теориялық білімін сарапқа салып, тест тапсырмаларын орындады.
 
Теориялық сынақ – байқаудың ең маңызды кезеңі. Бекітілген ережеге сәйкес, әр қатысушыға 30 минут уақыт берілді. Осы уақыт ішінде олар 30 сұраққа жауап беруі тиіс. Бастысы тапсырманы тез әрі дұрыс орындау қажет. Қатысушылардан  жеңіске деген талпыныстың басымдығы байқалды. Алғашқы кезеңнің өзінде олар білім деңгейінің жоғарылығын, кәсіби міндеттерін жетік меңгергенін дәлелдеп үлгерді.
 
«Еліміздің әр аймағынан іріктелген мықты мамандар жиналған соң, сайыс өте тартысты басталды. Біз де тестті ойдағыдай тапсырып, көтеріңкі көңіл күйде тұрмыз. Жеңіске жету үшін енді тәжірибе тапсырмасын мінсіз орындау керек. Қаражанбас намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз!»,- деді ҚБМ «Үздік мамандары».
 
Әр компанияның тұрақтылығы мен табысты болуы өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын және үнемі кәсіби біліктілігін арттыратын мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан мұндай байқау мұнайшыларды өндірістің тиімділігі мен мәдениетін арттыруға ынталандыра түседі. Тестілеуді тәмамдаған қатысушылар тәжірибе кезеңінде жасындай жарқырау үшін дайындығын пысықтауға кірісіп кетті.

Жарияланған күні:
9 октября 2024

Бөлісу: