ӘЛЕМНІҢ ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР

26 Август 2024

«Жеңісімізді компаниямыздың 50 жылдығына арнаймыз!».

Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қаржанбасмұнай» АҚ-ның кір тасын ұршықша иіретін қос жұмысшысы жетістігін жаңартты. Қырғызстан Республикасында өткен тартысты бәсекеде Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері — №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен Технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Айдын Ахметов алтын медаль қанжығалап, үш дүркін Әлем чемпионы атанды.

Шыдамдылық, күш-жігер мен намыс… 18 мемлекеттің абыройын арқалаған 500 катысушы арасынан жігіттер осы қасиеттерімен  дараланды. Жеңіс жолы оңай болмаса да, тұрақты дайындық пен төгілген тер ақталды. 95 келі салмақта өнер көрсеткен Айдын Ахметов пен 85 келіде бақ сынаған Нартай Алтыбаев ерлер және ардагерлер арасында топ жарып, қос-қостан алтын алды. Жарыс кезінде Нартай Алтыбаев 10 минут ішінде кір тасын бір қолмен 191 рет көтеріп, рекорд орнатты.

«Бұл жолы үш дүркін Әлем чемпионы атану бақыты бұйырыпты. Біз әр жанкүйердің қолдауын ерекше сездік. Бізді әрдайым қолдап, сенетін компания басшылығына, өндіріс директорлары мен цех басшыларына, әріптестерге алғысымыз шексіз. Жарқын жетістігімізді Қаражанбастың 50 жылдығына арнаймыз! Мерекеміз құтты болсын!»,- деді чемпиондар.

Қиын жаттығулар, түрлі эмоция мен қобалжудың бәрі артта қалды. Жарқын жеңіс пенжаңа белестерді бағындыру арқылы мұнайшылар қаражанбастықтардың мықтылығын тұтас әлемге паш етті. Компания басшылығы мен еңбек ұжымы чемпиондарға еңбекте де, спортта да жетістіктерінің еселенуін тілейді!

Жарияланған күні:
26 августа 2024

Бөлісу: