ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТ!

5 Июнь 2024

5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен экологтардың кәсіби мерекесіне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қоршаған ортаны қорғау қызметі мамандарына құрмет көрсетілді. Бас директор Марат Елеусінов компаниядағы экологиялық саясат пен мұнайшылардың қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлерді мерекемен құттықтап, олардың адал еңбегі мен жоғары кәсібилігін атап өтті.

Қаражанбаста орталық кеңсе мен кен орнын қоса алғанда 18 инженер-эколог еңбек етеді.Олардың жүйелі жұмысы арқасында компанияда жыл сайын түрлі акциялар мен жобалар ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсетіп келеді. Нақтырақ айтсақ, кен орнында осыдан 4 жыл бұрын басталған тарихи мұнаймен ластанған орындарды жою және қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сай жалғасып келеді. Қазір жерүсті мұнай қалдықтары сақталған үш қойма және Каспий теңізі жағалауында орналасқан қойма толық жойылып, қалпына келтірілді. Сонымен қатар, өндірістік процестен пайда болатын барлық қалдықтар мен лас суды заң талаптарына сайсұрыптау, тазарту, қайта өңдеу немесе жою жұмыстары қарқынды.

«Айналаға ұқыппен қарап, жер-анамызға жанашырлық таныту азаматтық міндетіміз саналады. Біз ҚБМ-ның экологиялық шараларын жүзеге асыра отырып, әр жобаның нәтижелі болуына бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Еңбегімізді елеп, арнайы құттықтаған басшылыққа алғысымыз шексіз!»,- деді марапат иелері.

Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – ҚБМ-ның негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан біздің экологтар тоқсан сайын кен орында экологиялық бақылау жүргізіп, өндірістік нысандардағы қоршаған ортаның жағдайын жақсарту мен осы бағыттағы тәуекелдерді азайту жолындағы жоспарлы жұмыстарды жандандыра түспек.

Жарияланған күні:
5 июня 2024

Бөлісу: