
Сүйінші! «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның қос мұнайшысы кір тасын көтеруден жетістіктерін жаңартты. №3 мұнай өндіру цехының (№3 МӨЦ) операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) жүргізушісі Айдын Ахметов Тайвань астанасы Тайбэйде өткен байрақты бәсекеде алтын медаль иеленіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды.
Тартысты додаға Азияның әр аймағынан 400-ден астам спортшы қатысты. 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нартай Алтыбаев ардагерлер, ерлер арасында жарқын жетістігімен көзге түсіп, екі аталым бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 85+ келі салмақта бақ сынаған Айдын Ахметов қатарынан оза шауып, ардагерлер арасында алтын, ерлер арасында күміс медаль қанжығалады.
Бұдан бөлек, чемпионатта қазақстандық спортшылар ардагерлер арасында командалық есепте екінші орынға лайық деп танылып, ортақ шешіммен күміс кубок үздік спортшы Нартай Алтыбаевқа табысталды. Осылайша өндіріс пен спортты қатар алып жүрген мұнайшылар ел қоржынын тағы 4 медаль және күміс кубокпен толықтырды.
Қазақстан мен Қаражанбастың абыройын қатар арқалаған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бұған дейін екі жыл қатарынан кір тасын көтеруден Әлем чемпионы атанған еді. Дегенмен қос мұнайшы жетістіктерін әлі де еселеп, Әлемдік аренада қазақтың көк туын желбіретуді көздейді. ҚБМ Басқармасы мен еңбек ұжымы білекті де жүректі жігіттерді жеңісімен шын жүректен құттықтайды!
Жарияланған күні:
28 мая 2024
Бөлісу: