МЕРЕЙТОЙ АЯСЫНДАҒЫ СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР

27 Май 2024

Биыл Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 50 жыл толды. Осыған орай жасақталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, І вахта жұмысшылары арасында спорттық жарыстарөтті.

Өндірістік цехтардың намысын арқалаған мұнайшылар бір апта бойы 7 спорт түрінен сынға түсті. Қаражанбастықтар алдымен волейбол, баскетбол және шағын футболдан сайысты. Мықты дайындық пен жеңіске ұмтылыс арқасында әр кездесу бәсекеге толы болды. Жарысты үстел теннисі пен шахмат тақтасындағы тартыс жалғады.Бұдан бөлек, мерейтой аясындағы ұлттық ойындар бәсекесі іс-шараның ажарын аша түсті. Білекті де жүректі жұмысшылар арқан тарту мен асық атужарысында шеберлігін паш етті.

Сайыстар қорытындысы бойынша волейболжарысында ардагерлер құрамасы алдына жан салмады. Баскетболдан жөндеу-құрылыс цехы, шағын футболдан материалдық техникалық жабдықтау базасы командасы, арқан тартудан өндірісті автоматтандыру цехының жігіттері үздік деп танылды. Теннистің түрлі әдісімен ерекше өнер көрсеткен технологиялық көлік департаментінің шанақтарды рихтовкалаушысы Айтмохаммад Қазақ жеңіс тұғырынан көрінсе, асық атудан №1 мұнай өндіру цехының операторы Бейбарыс Мүлкібаев топ жарды.

Аталмыш спорт бәсекесі ІІ вахта жұмысшылары арасында да жалғасын табады.

Жарияланған күні:
27 мая 2024

Бөлісу: