ҚБМ АРДАГЕРЛЕР КОМАНДАСЫ ВОЛЕЙБОЛДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

25 Май 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының волейболдан ардагерлер командасы Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған республикалық «KMGPROF CUP -2024» турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстанда мұнай өндірудің басталғанына 125 жыл толуына және Теңіз кен орнының 45 жылдығына орай Леңгір қаласында өткен спорт додасына еліміздің мұнай-газ мекемелерінен 8 команда қатысты.

Жарыс кестесі бойынша Қаражанбас ардагерлері барлығы 6 кездесу өткізді. Топішілік іріктеу кезеңінде «Қазгермұнай», «ТұзкөлМұнайГаз», «Теңіз Шевройл» командаларымен тартысты ойын көрсетіп, үшойынның екеуін жеңіспен аяқтаған ҚБМ құрамасыжартылай финалда «ППКР» командасын 2:1 есебімен жеңді. Ал ақтық сайыста «Теңіз Шевройл» ардагерлері 2:1 есебімен қаражанбастықтардан басым түсті.

Турнир қорытындысына сәйкес ҚБМ ардагерлер командасы екінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ команда капитаны, материалдық техникалық жабдықтау базасы басшысының орынбасары Сембек Айдаров «Волейболға адалдығы үшін» аталымымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен кубок табыс етілді.

Салауатты өмір салтын ұстанып, үздіксіз дайындық пен шеберлік арқасында компания намысын абыроймен қорғаған волейболшыларымызды басшылық пен еңбек ұжымы атынан шын жүректен құттықтап, жетістіктерінің еселенуін тілейміз!

Жарияланған күні:
25 мая 2024

Бөлісу: