ҚАРАЖАНБАС КӘСІПОДАҚТАРЫ АТЫРАУ ХАЛҚЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

12 Апрель 2024

Қаражанбастың қос кәсіподағы Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындарға үздіксіз көмектесіп келеді. Өткен аптадан бері Маңғыстау облысының ауылдары мен Ақтауға Жылой ауданының халқы жаппай тасымалданып жатыр. «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ және «Бірлік» кәсіподағы мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдемдесуге белсенді атсалысып жүр.

Мұнайшы-волонтерлер көршілес өңір тұрғындарын қарсы алып, белгіленген пункттерге орналастыруға көмектесті. Бұдан соң жұмысшылар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмек жинауға ерекше үлес қосты. Көрпе-төсек, киім-кешек,  гигиеналық тауарлар мен азық-түлік… Ұйымшыл ұжым мұның бәрін лезде жинап, қажетті заттарды орталық штабқа жеткізуге қолғабыс жасап жүр. Сондай-ақ жақсылыққа жаны құштар қаражанбастықтар эвакуацияланған халыққа түскі және кешкі ас ұйымдастырып, ақ дастархан жайды.

«Апат айтып келмейтіндіктен, Атырау облысының тұрғындары абдырап қалғаны рас. Олар ауылдарындағы үй-жайларын ойлап, көңілдері жабырқаулы. Дегенмен біз оларды ең қажетті заттармен қамтамасыз етіп, көңілдерін аулап, барынша қолдау көрсетуге тырысып келеміз. Бұл әрбір адамның азаматтық борышы деп білеміз»,— деді кәсіподақ мүшелері.

Су тасқыны болған облыстардағы жағдай қашан тұрақталатыны әзірге белгісіз. Дегенмен кең жүректі Маңғыстау халқы мен өлке өндірісін өркендетіп жүрген мұнайшылар атыраулық ағайынмен бірге болып, қолдан келер көмегін аямақ емес.

Жарияланған күні:
12 апреля 2024

Бөлісу: