ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫ – ӨМІРДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

9 Апрель 2024

Қаражанбас кен орнының қарыштап дамуы – мыңдаған мұнайшының бірлесе атқарған адал еңбегінің жемісі. Өндірісті өмір салтына айналдырған жұмысшылар қызмет деген белестің биігін бағындырып, зейнет демалысы алдында сүйікті қызметін ізбасар мұнайшыларға табыстап келеді.

Ұжымдастар құрметіне бөленіп, зейнетке шыққандардың бірі — Қуат Сағындыков. Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаменті (БжҰЖКЖД) №2 өндірістік қамтамасыз ету базасының операторы Қаражанбаста 35 жыл жемісті еңбек етті.  Осы уақыт ішінде ол өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін мінсіз орындап, өлкедегі қара алтын өндірісін өрге сүйреуге атсалысты.

Құрметті демалысқа шыққан мұнайшылар қатарын технологиялық көлік департаменті (ТКД) №1 гаражының автомобиль жүргізушісі Мырзағали Қарабаев та толықтырды. Кен орнында көлігімен құстай самғайтын ол 17 жыл бойы жол ережелерін қатаң сақтап, жолаушыларды өндіріс алаңындағы қажетті жеріне қауіпсіз тасымалдады. Тәжірибелі жүргізуші қызметтегі жетістіктерінен бөлек, қайырымдылық, қарапайымдылық қасиеттерімен мұнайшылардың алғысына кенелген жұмысшы.

Зейнет – өмірдің жаңа да маңызды кезеңі. Қаражанбастан құрметті  демалысқа шыққан жұмысшылар әрқашан еңбек ұжымының құрметіне ие. Сала ардагерлеріне айналған мұнайшылардың өнегелі еңбек жолы компания тарихына алтын әріптермен таңбаланды.

Жарияланған күні:
9 апреля 2024

Бөлісу: