
Қазыналы Қаражанбастың даму тарихы білімі мен тәжірибесі мол мұнайшылардың ерен еңбегімен таңбаланып келеді. Жалынды жастығы мен өмірінің маңызды кезеңдерін кен орнында өткерген жұмысшылар бүгінде тұтас ұжымға үлгі. Құрметті демалысқа шығып, зейнеткер атанып жатқан қаражанбастықтар қай кезде де әріптестер ықыласына лайық.
Алпыстың асқарын бағындырғандар қатарында технологиялық көлік департаментінің (ТКД) көлік жүргізушісі Жайық Сүйіндіков пен жылжымалы бу қондырғысының машинисі Нұрберген Қалиев бар. Өндірістік Басқарма директоры Кәрім Бозахаров қос жұмысшыны мерейлі жасымен құттықтап, қызметтегі адалдығы, жұмысқа жауапкершілігі үшін алғыс айтты. Өз кезегінде ТКД №2 гараж ұжымы әріптестеріне жылы лебізін арнап, өмірдің жаңа кезеңіне сәттілік тіледі.
Үзеңгілестерінің қатарын толықтырып, еңбек белесін бағындырғандардың бірі — Қалнияз Тұрғанбаев. Ол Қаражанбас кен орнының қабат қысымын ұстау цехында (ҚҚҰЦ) 28 жылдан бері табан аудармай еңбек етті. Білікті оператор үшін күн сайын ұңғыманың қысымын, температурасын тексеріп, мәліметтерді жинақтау өмір салтына айналған. Ол осы іс арқылы маңызды өндірістік цех жұмысын алға жылжытуға сүбелі үлес қосты.
Өндіріс алаңдарындағы қиын да қызықты қызмет еңбек адамдарының мәртебесін асқақтата түседі. Маңдай терін төгіп атқарған адал еңбегін еліне арнаған еңселі ерлерге құрмет қашан да ерекше болмақ.
Жарияланған күні:
13 марта 2024
Бөлісу: