МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, МҰНАЙШЫ ҚЫЗДАР!

7 Март 2024

8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ)  еңбек ететін ер-азаматтар мұнайшы қыз-келіншектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таң атысымен кен орны және орталық аппараттың нәзік жандылары құрметке бөленіп, құшағы гүлге толды.

Жылы лебіз, мерекелік марапаттар мен концерттік бағдарлама… Мұның бәрі өңірдің мұнай игеру компаниясының дамуына үлес қосып жүрген аруларға арналды. Бас директор Марат Елеусінов қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланы серік еткен Қаражанбас қызғалдақтарын мейраммен құттықтап, олардың компания құндылықтарын насихаттаудағы кәсіби біліктілік пен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«8 Наурыз – бұл сұлулық пен мейірімділіктің, әр отбасының ұйытқысы болып жүрген аяулы әжелер мен аналардың, күлімкөз қарындастардың мейрамы. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен өндірісті өркендетіп жүрген мұнайшы қыздар — құрметке нағыз лайық жандар. Алдағы уақытта да мол тәжірибелеріңізді тұтас ел игілігіне жұмсайтыныңызға кәміл сенеміз!»,- деді М.Елеусінов.

Қаражанбаста барлығы 400-ге тарта мұнайшы-әйел еңбек етеді. Олардың 150-ге жуығы кен орнындағы өндірістік алаңдарда вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ал орталық кеңседегі арулар әртүрлі департаменттерде жауапты қызмет атқарады. Жыл сайын игі дәстүр бойынша көрсетілетін құрмет мұнайшы қыздардың мерейін асқақтатып жаңа жетістіктерге жол ашады.

Жарияланған күні:
7 марта 2024

Бөлісу: