
Тыныс-тіршілігімізге нәр беретін көктем мезгілі жарқын да шуақты мерекелерге толы. Әсіресе 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнінде адамға өмір сыйлайтын ардақты әжелер мен аналар, нәзік жанды қыз-келіншектер, аяулы арулар мен қызғалдақтай қарындастар ерекше құрметке бөленеді. Мереке қарсаңында біз де Қаражанбаста ерлермен қатар қызмет ететін мұнайшы аруларды таныстырамыз.
Алтынай Асанова — электр цехының 5-дәрежелі релелік қорғау және автоматика аппаратурасын жөндеу электромонтері. Ол Жаңаөзен мұнай техникумында «Электромонтер», Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алған.
Ару ғұмырының 33 жылын қиын да қызықты салаға арнаған маман электр цехының тынысын бір кісідей білетін жұмысшы. Әр жылдары ол электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері болды, цех үйлестірушісі, іс жүргізуші, техник қызметтерін атқарды. Қазір Алтынай кен орнында электр құралдарына жоғары кернеулі сынақтар жүргізеді. Сондай-ақ істен шыққан құрылғыларды жөндеп, ретке келтіруге жауапты.
«Электр энергиясына қатысты жұмыстар ең алдымен техникалық білімді, тиянақтылық пен жауапкершілікі талап етеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибе арқасында өз қызметімді абыроймен атқарып келемін. Қаражанбас мені маман ретінде шыңдаған мектеп. Қазыналы кен орнымыздың гүлденуі үшін әлі де тынбай еңбек етемін!»,- дейді А.Асанова.
Компанияның орталық кеңсесі мен кен орнында Алтынай сияқты саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жүздеген мұнайшы-әйел бар. Олардың бірқатары вахталық әдіспен отбасынан жырақта еңбек етсе, енді бірі кеңседе құжаттармен жұмыс істейді. Қаражанбас қызғалдақтарының даналығы, энергиясы мен елеулі еңбегі кез-келген қиындықты еңсеріп, өсу мен дамуға жетелейді.
Жарияланған күні:
5 марта 2024
Бөлісу: