ҚАРАЖАНБАС БАЛУАНЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

4 Март 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшысы Самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарды. Технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда спорт шеберлері арасында өткен додада жүзден жүйрік шығып, алтын медальға ие болды.

Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген балуан бақ сынады. 64 келі салмақта өнер көрсеткен қаражанбастық мұнайшы 4 кездесу өткізді. Үздіксіз дайындық пен жеңіске деген ұмтылыс арқасында Бауыржан қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Осылайша ол тұтас еңбек ұжымы мен маңғыстаулықтардың сенімін ақтап, Қаражанбас чемпиондарының қоржынына тағы бір медаль салды.

Жарыста жасындай жарқыраған жеңімпаз мамыр айында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.  Аталмыш додада Бауыржанды бәйгеге қосқан  Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері, Маңғыстау облысы бойынша Самбо күресінен ардагер спортшылардың бапкері Сәндібек Дүйсенбеков те бақ сынайды. Қаражанбастық қос балуан алдағы бәсекелерге жаттығуларын пысықтауға кірісіп кетті.

Жарияланған күні:
4 марта 2024

Бөлісу: