ҚАРАЖАНБАСТА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

2 Июнь 2026

Қаражанбас кен орнында жұмысшыларға арналған спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. №4 жатақхана маңынан бой көтерген жаңа нысан жұмысы әзірге 37%-ға орындалды. Аумағы 1100 шаршы метр болатын кешен негізгі ойын залы және екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық блоктан тұрады.

Ғимарат қаңқасы толықтай металлдан құрастырылып, сэндвич панельдермен қапталды. Құрылыс алаңында төбе жабындысы мен суағар жүйесін орнату, едендерді бетондау, кәріз желілерін монтаждау және екі қабатты бөлікке бетон құюға арналған қалыптарды дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Жобаға сәйкес спорт кешенінде ерлер мен әйелдерге арналған жаттығу залдары, үстел теннисі мен бильярд ойнауға арналған арнайы алаңдар болады. Сонымен қатар киім ауыстыру, жуыну және спорттық жабдықтарды сақтау бөлмелері қарастырылған.

Жаңа спорт кешені өндіріс қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Құрылыс жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жарияланған күні:
2 июня 2026

Бөлісу: