
Ақтауда үшінші жыл қатарынан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Munaily Marathon-2026» қайырымдылық марафоны өтті. Ауқымды іс-шарада мұнай саласының қызметкерлері және облыс тұрғындары, жалпы саны мыңға жуық адам 5 және 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Марафонда «Қаражанбамұнай» АҚ ұжымы ерекше белсенділік танытты. 50-ден астам жұмысшы ұжым рухын нығайтып, жақсылық жасауға үлес қосты. Ал орталық кеңсе алдында марафон қатысушыларын қолдаған ҚБМ-дық жанкүйерлер жүгірушілерге жігер сыйлады.
Қорытындыға сәйкес, пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушісі Әлібек Құлболғанов 5 шақырымды 18 минутта жүгіріп өтіп, 30-39 жас арасындағы қатысушылар арасында ІІІ орын алды. Дәл осы қашықтықты 27 минутта бағындырған ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химиялық талдау лаборанты Фарида Шадмановаға 50-59 жастағы әйелдер арасынан І орын бұйырды. Бұдан бөлек, ҚБМ «Үздік фан зона» аталымы бойынша І орынмен марапатталды.
Осылайша компания ұжымы салауатты өмір салтын сақтаумен қатар, игі іске ұйытқы болды. Қайырымдылық марафонынан жиналған қаражат Жаңаөзендегі ерекше балаларға арналған «Балақай» оңалту орталығына жіберіледі.
Жарияланған күні:
24 мая 2026
Бөлісу: