ҚМГ басшысы Қаражанбас кен орнындағы негізгі өндірістік нысандарды аралады

8 Апрель 2026

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Қаражанбас кен орнының Теңіз жағалауы аймағында болды.

Теңіз жағалауы аймағын дамыту – «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) ресурс қорын толықтыру мен кен орнын игерудің тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Қазіргі уақытта учаскеде 4 пайдалану ұңғымасы бұрғыланды, бесінші ұңғыманы бұрғылау жүріп жатыр. Биыл Теңіз жағалау аймағында мұнай өндіру көлемі 34 мың тоннаны құрайды. Бұрғылаудың нәтижелері табысты болған жағдайда геологиялық қор 12 млн тоннаға дейін, өндірілетін қор 3 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтіледі. Сонымен қатар өндірістік нысандарды қорғау үшін бөгет салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ А.Хасенов 37-ТӨҚ топтық өлшеу қондырғысының құрылысымен танысты. Бұл қондырғы өнімді жинау мен тасымалдау жүйесінің тиімділігін арттырып, қазіргі кезде шамадан тыс қуатында жұмыс істеп тұрған 12-ТӨҚ жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қарсы қысымды төмендету есебінен жыл соңына дейін қосымша 12 мың тоннадан астам мұнай өндірілетін болады.

ҚМГ басшысы тәулігіне орташа есеппен 13 мың текше метр су шығаратын ілеспе қабат суын тұщыту зауытында болды. Кәсіпорынның жұмысы Астрахань-Маңғышлақ магистралды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажеттілігі үшін босатуға мүмкіндік берді.

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында ББЗ-полимерлі су айдау жобасы іске асырылуда. Қазір жабдық жұмыс режиміне қосылып жатыр. Зертханалық сынақтардың нәтижесі бойынша мұнайды шығару коэффициенті 30% дейін артады деп күтіледі.

Сонымен қатар А.Хасенов компанияның Орталық инженерлік-технологиялық қызметіне барды. Мұнда нақты уақыт режимінде өндіру процестері басқарылады, ұңғымалардың жұмысы бақыланады және өндірістік бөлімшелердің жұмысы үйлестіріледі.

Өндіріс мәселелеріне арналған жиында ҚБМ-ның 2026 жылғы 1-тоқсанда атқарған қызметінің қорытындысы және кен орнын игеру тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралары тыңдалды.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ҚБМ технологиялық жаңғыртуға бағытталған цифрлық шешімдер кешенін қолға алды. Маусым айында «Көлікке электрондық өтінім беру» жүйесі іске қосылып, автопарк жұмысын толық цифрландыруды қамтамасыз етеді. ABAI ақпараттық жүйесі аясында жыл соңына дейін өндірісті оңтайландыру және инженерлік есептердің дәлдігін арттыру үшін ЖИ алгоритмдері іске қосылады. Сондай-ақ аса қауіпті жұмыстарға рұқсат беру процесін автоматтандыру үшін «Электрондық наряд-рұқсат» модулі сынақтан өтіп жатыр. Еңбекті қорғау талаптарының бұзушылықтарын анықтайтын TUMAR бейне сараптама жүйесін тарату жалғасуда. Сынақ іс-шараларынан кейін ол ұңғымаларды жерасты жөндеудің 21 бригадасына енгізіледі.

А.Хасенов ҚБМ басшылығына операциялық тиімділікті арттыру, мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Жарияланған күні:
8 апреля 2026

Бөлісу: