ҚБМ-да ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

26 Февраль 2026

2026 жылдың 15 наурыз күні елімізде маңызды шешім қабылданатын жалпыхалықтық референдум өтеді. Осыған орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-да жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиналысқа ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, өңірлік коалиция төрағасы Нұрбек Қарасаев, ҚБМ Бас директоры Нұрпейіс Сәрсенбай және құрылымдық бөлімше басшылары мен кеңсе қызметкерлері қатысты.

Кездесуде елдің саяси жүйесін жаңғыртуға негізделген жаңа Ата Заң жобасының бірқатар бағыты таныстырылды. Депутаттар кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұратын басты құжаттың заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Конституцияда өндіріс қарқынды жүріп жатқан өңір тұрғындары үшін өзекті тақырып — экология мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Спикерлер жобада алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаты бекітілетіні, адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін фактілерді жасырған лауазымды тұлғалар үшін жауапкершілік қарастырылатынын жеткізді.

Конституциялық реформалар елдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсіміне жаңа серпін береді. Сондықтан әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, саяси науқанға белсенді қатысуы аса маңызды. Жиын соңында депутаттар компания қызметкерлерін алдағы референдумда жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.

Жарияланған күні:
26 февраля 2026

Бөлісу: