
«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары болашақ қызметін өндіріспен байланыстыру үшін арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттердің тәжірибесін шыңдауға үлес қосып жүр. Кен орнында бес жылдан астам уақыттан бері Yessenov University және Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенттерін дуалды оқыту бағдарламасы сәтті жалғасып келеді.
Аталмыш оқу орындары мен компания арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында жүздеген жас Қаражанбаста тәжірибеден өтіп, технологиялық процестерге тікелей араласуға мүмкіндік алды. Бағдарламадан тыс биыл тәжірибеден өтушілер қатарын еліміздің өзге қалаларында оқитын студенттер толықтырды.
Руслан Абдрахманов пен Гүлден Балтабаева – Қазақстан-Британ техникалық университетінің 4-курс студенттері. Олар теорияда алған білімін тәжірибеде қолданудың қыр-сырын меңгеру үшін Алматыдан арнайы жолдамамен келген. Тағайындалған жетекшілер жастарды ыстық ықыласпен қарсы алып, бірден жұмыс барысымен таныстыруға кірісті. Студенттер қабат қысымын ұстау, мұнай өндіру, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының зертханасы сияқты негізгі өндірістік нысандарды кезекпен аралады. Бұдан бөлек ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу процесін көрді. Болашақ мұнайшыларға кен орнындағы қою өнімді игеру үшін пайдаланылатын ерекше әдістер туралы толық ақпарат берілді.
«Тәжірибеміздің осындай бірегей кен орнында өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Аз уақытта мұндағы қызметкерлердің өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білімі терең, тәжірибелі мамандар екеніне көз жеткіздік. Қою мұнайды игеру оңай емес екенін оқығанбыз. Енді ол процесті практика жүзінде көрдік. Бұл біз сияқты болашақ мамандарға керемет әсер қалдырары сөзсіз»,- дейді Руслан мен Гүлден.
«Жүз рет естігенше — бір рет көрген артық». Кен орнындағы жұмыс тәртібімен танысып, еңбек адамдарының тәлімін алған бүгінгі тәжірибеден өтуші – ертең өндіріс тірегі болатын маманға айналары сөзсіз. Қаражанбас талай жасты кәсіби мұнайшы етіп шығарған мектеп ретінде білім алушыларға үнемі қолдау көрсетіп, өндірістен көрген-түйгенін үйретуге қашанда әзір.
Жарияланған күні:
26 января 2026
Бөлісу: