
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында кен орындарды игеру тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралар бойынша еншілес кәсіпорындар басшыларының есептерін тыңдады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жедел деректерге сәйкес «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ), «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (ММГ) және «Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) мұнай өндіру көлемі 13,3 млн тоннаны құрады (оның ішінде: ӨМГ — 5,1 млн тонна, ММГ — 6,1 млн тонна, ҚБМ — 2,1 млн тонна).
ӨМГ ұңғымалардың жөндеусіз жұмыс істеу кезеңін ұлғайту мақсатында жерүсті инфрақұрылымы мен жерасты жабдықтарын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар ӨМГ-ға мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін суландыруды басқару мен жаңа технологияларды енгізу міндеті қойылды, себебі Өзен және Қарамандыбас кен орындары ескі және игерудің соңғы сатысында тұр.
ММГ Жетібай тобының спутниктік кен орындарын игеру тиімділігін арттыру тұжырымдамасын ұсынды. Биыл жекелеген кен орындардың геологиялық құрылымын нақтылау үшін дәлдігі жоғары 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
ҚБМ Қаражанбас кен орнының жағалау аймағын игеру жоспарлары, жүргізілген сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Бұл іс-шаралар қорларды толықтыруға, мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Жиында «Сапарларды басқару», өндірістік қауіпсіздіктің «TUMAR» және электронды наряд-рұқсаттар жүйесін қоса алғанда, ҚМГ еншілес кәсіпорындарында жасанды интеллектіні қолданып цифрлық шешімдерді енгізуге қатысты мәселелер жеке қаралды. Бұған қоса жұмыс істеп тұрған кен орындарының цифрлық көшірмесі жасалады деп жоспарланып отыр.
«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС 2025 жылы 856,4 млн м³ шикі газды өңдеп, нәтижесінде 711,2 млн м³ тауарлық газ, 204 мың тонна сұйытылған мұнай газын және 55,4 мың тонна пентан-гексан фракциясын өндірді.
Сондай-ақ жиын барысында Жаңаөзенде салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауыты құрылысының қазіргі жай-күйі талқыланды. Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылуда және жылына 900 млн текше метрге дейін табиғи мен ілеспе газды өңдеуге қауқарлы заманауи өндірістік кешен құруды көздейді.
Жарияланған күні:
12 января 2026
Бөлісу: