ҚОС ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ

24 Декабрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы «Самұрық-Қазына» АҚ құрметті қызметкері» атағына ие болған өндірістік-техникалық департамент директоры Ғабит Сәдуақасов пен кір тасын көтеруден Әлем чемпионатында қос алтын қанжығалаған жұмысшы Нартай Алтыбаевты құттықтады. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай қызметкерлерге ҚБМ абыройын асқақтатқаны үшін алғыс айтып, компания өздерін мықты маман әрі жеке тұлға ретінде биік белестен көрсете білген қызметкерлерімен қуатты екенін атап өтті.

Ғабит Сәдуақасов – ҚБМ-да 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті де тәжірибелі қызметкер. Осы уақыт ішінде ол бірнеше цехта қатардағы қызметкерден бастап, басшылық лауазымда еңбек етті. Кен орнындағы өндірістік процесті бес саусағындай білетін Ғабит қазір орталық кеңседе өндірістік-техникалық департаменттің директоры. Өмірін өлке мұнайын игеруге арнаған жұмысшының жоғары марапаты — ұзақ жылғы адал еңбегінің жемісі.

Ал Нартай Алтыбаев өндіріс пен спортты қатар алып жүрген еңбек адамы. Ол бұған дейін де кір тасын көтеруден байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбіретіп жүр. Бұл жолы Қытайдың Хайнин қаласында ерлер мен ардагерлер арасында үздік нәтиже көрсетіп, екі алтын медаль жеңіп алды. Осылайша Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды.

Басқарма еңбек пен табандылықты өмірлік ұстанымға айналдырған Ғабит Сәдуақасовқа «Құрметті қызметкер» төсбелісін тақты. Нартай Алтыбаевқа сыйлық сертификаты табыс етілді. Басшылық бұл жетістіктер өзге әріптестерге де қатарынан оза шабуға шабыт сыйлайтынын айтып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

Жарияланған күні:
24 декабря 2025

Бөлісу: