ҚМГ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫН» ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

19 Декабрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да өткен «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты жабылу рәсімінде марапатқа ие болды. Еншілес және тәуелді ұйымдар мамандары жиналған шарада Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компания жұмысшы мамандықтарына ерекше назар аудара отырып, кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін белсенді дамытып жатқанын атап өтті.

Елорда төрінде еншілес компаниялардың үздік қызметкерлері құрметке бөленді. Олардың қатарында электр цехының электромонтері Жақсылық Әуметалық пен №3 мұнай өндіру цехының операторы Абай Сүгіров бар. Қаражанбастық қос қызметкер ҚМГ-ның  «Алып» ысыпарсыз көзқарас жобасына белсенді қатысып, үздік жоба авторлары тізіміне енді. Аталмыш жоба кезінде 63 жас маман өндірістік процестердің тиімділігін арттыру бойынша түрлі бастама ұсынды. Нәтижесінде жалпы экономикалық тиімділігі 900 млн теңгені құрайтын 24 жоба іріктелді.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ҚМГ қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған ауқымды бағдарламаларды іске қосты. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жан-жақты жұмыс атқарылып жатыр. Оған қоса жыл бойы қызметкерлерді оқыту, дамыту жобалары мен форумдар, кәсіби шеберлік байқаулары, спорт додалары өткізілді. ҚБМ жұмысшылары барлық шараларға белсенді қатысып, жан-жақты мүмкіндіктерін паш етті.

Жарияланған күні:
19 декабря 2025

Бөлісу: