
«Қаражанбасмұнай» АҚ бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының шебері Сәндібек Дүйсенбеков дзюдо, самбо және қазақ күресінен өткен Азия кубогында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Байрақты бәсеке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған. Спорт шеберлері арасындағы додада Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Грузиядан келген 300-ден астам қатысушы бақ сынады.
Маңғыстау облысының намысын қорғаған мұнайшы күрес түрлерін жетік меңгерген спортшы. Сәндібек Дүйсенбеков әр белдесуге физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты дайындалып, қарсыластарынан оқ бойы озық шығуға барын салды. Белдесулер нәтижесінде әріптесімізге 66 келі салмақ дәрежесінде дзюдодан күміс, 64 келіде самбодан қола бұйырды. Ал қазақ күресінен 66 келі салмақта лайықты өнер көрсетіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
«Өндірістегі үздіксіздік секілді, спорт та тұрақты дайындықты талап етеді. Мен демалыстағы күндерден бөлек, вахтада да жаттығуымды үзбей, үнемі додаға дайын жүруді көздеймін. Еңбек еш кетпей, намысқа тырысып, үш медальға қол жеткіздім. Мұнда тек менің еңбегім емес, маған сенім артқан әріптестерім мен басшыларымның да зор үлесі бар»,- деді Азия кубогының жүлдегері.
Сәндібек әлі де талай жарыста топ жаруға ниетті. Ол келер жылы өтетін мықтылар бәсекесіне дайындығын қазірден бастап пысықтауға кірісті.
Жарияланған күні:
17 декабря 2025
Бөлісу: